Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында ауыл тұрғыны отбасылық жанжал үшін қамауға алынды

Павлодар облысында ауыл тұрғыны отбасылық жанжал үшін қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицияға көмек сұрап әйел адам жүгінген. Оның айтуынша, күйеуі мас күйінде үйде жанжал шығарып, айқайлап, бейәдеп сөздер айтқан. Үй ішіндегілердің ескертуіне құлақ аспаған.

– Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылық жасағаны үшін ауыл тұрғынына қатысты әкімшілік материал толтырылды. Материалдарды жинау барысында аталған ер адамға қатысты бұған дейін сот шешімімен 11 ай мерзімге алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салатын ерекше талаптар белгіленгені анықталды. Алайда отбасындағы жанжал кезінде ол сотпен белгіленген талаптарды бұзған. Материал сотта қаралып, сот қаулысымен құқық бұзушы 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар жәбірленуші тараптың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 30 тәулікке қорғау нұсқамасы шығарылды, – деді Май ауданы полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы Айдана Назарбекова.

Полиция қызметкерлері заң талаптарын бұзудың салдарын түсіндіру және қажетті көмек көрсету мақсатында құқық бұзушымен де, жәбірленушімен де профилактикалық әңгіме жүргізді.

Полиция ескертеді: сот талаптары мен заң нормаларын сақтау – отбасындағы қауіпсіздік пен тыныштықтың кепілі. Қақтығыс немесе қауіп төнген жағдайда полицияға дер кезінде хабарлау қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру