Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өскеменде полиция ойын-сауық орындарындағы ахуалды талдады

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінде 2026 жылдың тоғыз айында Өскемен қаласындағы ойын-сауық орындарынан "102" арнасына келіп түскен хабарламаларға талдау жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Барлығы 926 хабарлама тіркелген. Шақыртулардың ең көбі қаладағы бірқатар кафе, түнгі клубтар мен караоке-барларға қатысты болған. Аталған нысандар бойынша полицияға ондаған хабарлама түскен.

Олардың басым бөлігі қоғамдық тәртіптің бұзылуына қатысты. Шақыртулардың жиі кездесетін себептері қатарында тыныштықты бұзу, ұсақ бұзақылық, келушілер арасындағы жанжалдар және белгіленген тәртіпті бұзудың өзге де фактілері бар.

Келіп түскен хабарламалар бойынша полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, мән-жайды анықтап, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдайды.

30 хабарлама бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар тіркелген. Олардың барлығы ашылды. Оның ішінде 10 бұзақылық, 6 ұрлық, сондай-ақ тонау, алаяқтық, бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру және өз бетінше әрекет ету фактілері бар.

Полиция "102" арнасына келіп түсетін ақпаратты жедел жағдайды талдау және профилактикалық жұмыс жүргізу үшін пайдаланады. Ойын-сауық орындарының өкілдерімен кездесулер өткізіліп, заң талаптарын сақтау және жанжалдардың алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Полиция азаматтарды өздерінің мінез-құлқы мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Жанжалға араласпау, агрессияға итермелейтін әрекеттерге жол бермеу және қауіп төндіруі мүмкін жағдайда қалмау қажет. Қауіп туындаған кезде дер кезінде "102" нөміріне хабарласқан жөн.

Қауіпсіз демалыс – баршаға ортақ жауапкершілік. Тәртіп сақтау және бір-біріне құрметпен қарау жанжалдар мен олардың ауыр салдарының алдын алуға көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру