Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция жүргізушілерге жол қауіпсіздігі талаптарын еске салды

Алматыда полиция жүргізушілерге жол қауіпсіздігі талаптарын еске салды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қардың көп түсуіне және жол жағдайының күрделенуіне байланысты полиция жүргізушілерді жол қозғалысы талаптарын қатаң сақтауға, сондай-ақ көлік құралдарын дұрыс қою ережелерін ұстануға шақырады.

Қазіргі таңда көлікті дұрыс тоқтатпау және дұрыс қоймау — әсіресе қыс мезгілінде жиі тіркелетін құқық бұзушылықтардың бірі. Жол жиегінде немесе аулаларда бей-берекет қалдырылған автокөліктер қар тазалау жұмыстарына кедергі келтіріп, көлік қозғалысын қиындатады әрі жол қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

— Қар жауған кезеңде әрбір жүргізушінің жауапкершілігі арта түседі. Дұрыс қойылмаған автокөлік қаланы тазалау жұмыстарына ғана емес, сонымен қатар жедел қызметтердің кедергісіз өтуіне де тосқауыл болуы мүмкін. Сондықтан жүргізушілерді көлік қою ережелерін сақтауға және жолдағы өзара құрметті ұстануға шақырамыз, — деді Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Полиция көлік құралдарын тоқтату және қою қағидаларын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру