Маңғыстауда Senat Open аясында құқық қорғаушылар шахматтан бәсекеге түсті
Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Senat Open ашық біріншілігі шеңберінде күштік және құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында шахматтан іріктеу турнирі ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Зияткерлік додаға барлығы 125 қызметкер қатысып, өзара бақ сынады. Турнир қорытындысы бойынша 18 үздік ойыншы келесі кезеңге жолдама алды.
Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің атынан қатысқан қызметкерлер жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Нәтижесінде №77 мекемесінің жедел уәкілі Әділет Сисенбаев 1/4 финалға жолдама алды.
Жарыстың финалдық кезеңі 3 мамыр күні өтеді.
Аталған турнир қызметкерлердің зияткерлік әлеуетін арттыруға, стратегиялық ойлау қабілетін дамытуға және ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
