Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында сотталғандарды жұмыспен қамту мүмкіндіктері кеңейтілуде

Павлодар облысы бойынша ҚАЖД-ның  №47 мекемесінде сотталғандарды жұмыспен қамту мүмкіндіктері кеңейтілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу – қылмыстық-атқару жүйесінің маңызды бағыттарының бірі. Бұл ретте еңбекке тарту олардың қоғамға қайта бейімделуіне, заңға құрметпен қарауына және жаңа өмір бастауына берік негіз қалыптастырады. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар №47 мекемесінде де нәтижелі жүзеге асырылуда.

Мекеме әкімшілігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, сотталғандарды жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше көңіл бөлуде. Іске асырылып жатқан бастамалардың бірі – мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындармен ынтымақтастық орнату. Соның нәтижесінде "Промсервис-Отан" кәсіпорнымен келісімшарт жасалып, сотталғандарды ресми түрде жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берілді.

Қазіргі таңда сотталғандар өндірістік нысандарда еңбек етіп, нақты жұмыс тәжірибесін жинақтауда. Еңбек қызметін ұйымдастыру тек уақытты тиімді пайдалануға ғана емес, сонымен қатар олардың бойында тәртіп пен жауапкершілік сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Тұрақты еңбек арқылы сотталғандар өз мүмкіндіктерін бағалап, болашаққа деген сенімін нығайтады.

Сонымен қатар мекемеде кәсіби оқытуға ерекше назар аударылуда. Сотталғандар еңбек нарығында сұранысқа ие дәнекерлеуші, токарь және басқа да жұмысшы мамандықтары бойынша білім алуда. Оқу бағдарламаларын аяқтағаннан кейін қатысушыларға біліктілігін растайтын ресми құжаттар табысталады. Бұл құжаттар олардың бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа орналасуына нақты мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, еңбекке тарту және кәсіби даярлық сотталғандардың әлеуметтік бейімделуінің негізгі тетіктерінің бірі болып табылады. Алынған білім мен тәжірибе олардың қоғамға қайта қосылуына, заңды өмір салтын ұстануына және тұрақты жұмыс табуына оң әсер етеді.

№47 мекемесінде жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар сотталғандарды қайта тәрбиелеуге, олардың өмірлік ұстанымдарын өзгертуге және қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптасуына бағытталған маңызды қадам болып табылады. Еңбек арқылы тұлғаның жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, болашаққа сеніммен қарауына жағдай жасалуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру