Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Учаскелік инспектордың қызметтегі бір күні

Учаскелік инспекторлар қызметі жоғары жауапкершілікпен ерекшеленеді. Олар – тұрғындарға ең жақын құқық қорғау өкілдері, қоғамдық тәртіптің алғашқы шебінде тұрған мамандар. Шымкент қаласындағы учаскелік  инспектордың бір күні қалай өтетіндігі туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Шымкент қаласы Абай ауданы полиция басқармасының №1 учаскелік полиция пунктінде полиция аға лейтенанты Болысбек Әбдіразақ қызмет етеді. Ол учаскелік инспектор лауазымында төрт жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның жауапкершілік аумағы – шамамен 5 мыңға жуық тұрғыны бар Қызыл-Жар мөлтек ауданы.

Инспектордың жұмыс күні таңғы 08:30-да басталып, кешкі 23:00-ге дейін жалғасады. Қызмет күнделікті нұсқаулық алудан басталады. Одан кейін инспектор аумақты аралап, профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың жолын кеседі, азаматтардың арыз-шағымдарын қарап, заң талаптарын түсіндіреді.

Қазіргі таңда профилактикалық есепте 3 азамат тұр. Учаскелік инспектор олармен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қайталама құқықбұзушылықтардың алдын алуға басымдық береді.

Жүйелі жұмыстың нәтижесінде аумақта 2025 жылы тіркелген 5 қылмыстың 4-еуі ашылған. Бұл – аумақты жақсы білу, тұрғындармен тұрақты байланыс орнатудың арқасында.

- Учаскелік инспекторлардың негізгі міндеті – әкімшілік аумақта бақылау жүргізу, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу. Тұрғындарды тану, олармен үнемі байланыста болу көптеген заңбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді, – дейді инспектор.

Учаскелік полиция пункті күн сайын кешкі уақытқа дейін жұмыс істейді, ал азаматтардың өтініштері тәулік бойы қабылданады. Әрбір арыз-шағым назардан тыс қалмайды, жағдайға байланысты тиісті шаралар қабылданады.

Қоғамдық тәртіп – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Ал учаскелік инспектор сол тәртіптің күнделікті күзетінде тұрған бірінші тұлға.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру