Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Халық қауіпсіздігіне жауапты учаскелік инспектор

Учаскелік полиция инспекторының жұмыс күні кабинетте емес, халықтың ортасында өтеді. Тұрғындардың өтінішін тыңдау, мәселенің мән-жайын анықтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау – оның күнделікті міндеті. Осындай жауапты қызметті полиция капитаны Махамбет  Уапов 10 жылдан астам уақыттан бері абыроймен атқарып келеді. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Осы уақыт ішінде ол түрлі жағдайларға куә болып, тұрғындардың мәселесін заң аясында шешуге атсалысты.

Махамбет Уапов алғашқы жоғары білімін "Қаржы" мамандығы бойынша алған. Кейін халыққа қызмет етуді мақсат етіп, М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында "Құқықтану" мамандығын меңгеріп, құқық қорғау саласына келді.

Учаскелік инспекторға жүктелетін жауапкершілік зор. Себебі қандай да бір мәселе туындағанда тұрғындар алдымен өз учаскесінің полиция қызметкеріне жүгінеді. Сондықтан инспектор әр азаматпен тіл табысып, оның өтінішіне мұқият қарап, заң талаптарын қарапайым әрі түсінікті жеткізе білуі қажет.

– Халықпен тікелей жұмыс істейтіндіктен, тұрғындардың сенімін ақтау – басты міндетіміз. Әр азаматтың мәселесіне бейжай қарамай, заң аясында көмек көрсетуге тырысамыз. Полиция қызметі кәсіби дайындықпен қатар сабырлылықты, төзімділікті және үнемі ізденісті талап етеді, – дейді полиция қызметкері.

Махамбет Уапов үшін полиция қызметі – жай ғана мамандық емес. Бұл – ел тыныштығына жауап беру, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау және халық сеніміне адал болу.

Халыққа жақын полицияның бейнесі күнделікті адал еңбектен қалыптасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру