Қостанай облысында полиция қарт кісінің үйіне жетуіне көмектесті
Қостанай облысында полиция қарт кісінің үйіне жетуіне көмектесті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Московский ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы аумақты патрульдеу кезінде жолдың жүру бөлігінде ақау салдарынан тоқтап қалған автокөлікті байқаған.
Полицей тоқтап, мән-жайды анықтаған кезде көлік тізгінінде Московский ауылдық округінің 77 жастағы тұрғыны отырғаны белгілі болды. Қария өздігінен жолын жалғастыра алмай, қиын жағдайға тап болған.
Учаскелік инспектор оны жолда жалғыз қалдырмай, ақауы бар автокөлікті үйіне дейін сүйреп жеткізуге көмектесті. Осылайша, қарт жүргізушінің үйіне аман-есен жетуіне қолғабыс етті.
Қария полиция қызметкеріне көрсеткен көмегі мен қамқорлығы үшін шынайы алғысын білдірді.
Бұл оқиға полиция формасын киген жанның төтенше жағдайда ғана емес, күнделікті өмірде де көмекке мұқтаж адамға қол ұшын созуға дайын екенін көрсетеді.
