Абай облысы бойынша ҚАЖД колониясында қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Абай облысы бойынша ҚАЖД-ның әйелдер колониясында қауіпсіздік шаралары күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің әйелдер колониясында "Допинг" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында белгіленген режимді нығайтуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді тінту және алдын алу шаралары жүргізілді.

Іс-шараларға мекеменің жедел бөлім қызметкерлері Жарма аудандық полиция бөлімінің кинологиялық қызметімен бірлесіп қатысты. Негізгі мақсат — мекеме аумағына тыйым салынған заттар мен бұйымдардың заңсыз жеткізілуінің алдын алу және жолын кесу.
Бақылау-көлік өткізу пункті арқылы кіретін автокөліктерді тексеруге, сондай-ақ сотталғандарға мамандандырылған көлікпен келіп түсетін сәлемдемелер мен бандерольдерді қарауға ерекше назар аударылды. Барлық іс-шаралар қолданыстағы заңнама талаптарына және ішкі тәртіп ережелеріне қатаң сәйкес өткізілді.
Кинологтар Лайка атты қызметтік итпен бірге мекеме қызметкерлерімен бірлесіп қырықтан астам пошта жөнелтілімін тыйым салынған заттар мен бұйымдарды анықтау мақсатында тексерді. Қызметтік иттерді пайдалану тексеру тиімділігін едәуір арттырып, мұқият жасырылған тыйым салынған заттарды жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде тыйым салынған заттар анықталған жоқ. Бұл қабылданып жатқан алдын алу шараларының нәтижелілігін және тартылған қызметтердің үйлесімді жұмысын көрсетеді.
— Аталған іс-шаралар тыйым салынған заттарды заңсыз алып өту мен жеткізу әрекеттерінің алдын алып, мекемедегі жедел жағдайдың тұрақтылығын сақтауға және сотталғандар арасындағы тәртіпті нығайтуға ықпал етеді, — деп атап өтті жедел бөлімнің бастығы Дария Аписарова.
