Павлодар облысында "Әр үйде тест" профилактикалық акциясы өтті
Павлодар облысында "Әр үйде тест" профилактикалық акциясы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында азаматтарды қайта әлеуметтендіру және қайталама қылмыстың алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық шаралар ұйымдастырылуда. Осы бағытта Тереңкөл ауданының пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтармен арнайы кездесу өтті. Іс-шараның басты мақсаты – құқықтық сауаттылықты арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Кездесу барысында қатысушыларға қолданыстағы есірткіге қарсы заңнаманың талаптары кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда тыйым салынған заттарды сақтау, пайдалану және тарату үшін көзделген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік мәселелері талқыланды. Сонымен қатар олардың әлеуметтік бейімделуіне, жұмысқа орналасуына және қоғамдағы толыққанды мәртебесін қалпына келтіруіне ықпал ететін факторларға ерекше назар аударылды.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, "Әр үйде тест" акциясы аясында есірткі құралдарын қолдануға тестілеу жүргізудің тәртібі мен құқықтық негіздері туралы да жан-жақты ақпарат берілді. Бұл бастама азаматтардың жауапкершілігін арттыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.
Полиция өкілдері заң талаптарын сақтау – тұрақты, қауіпсіз әрі заңға бағынатын өмірге бастайтын маңызды қадам екенін атап өтті.
