Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты

Абай облысында тағы бір елдімекен "Ішімдіксіз ауыл" мәртебесін иеленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған "Ішімдіксіз ауыл" республикалық бастамасы аясында оң өзгерістер жалғасуда. Соның айқын дәлелі – Жарма ауданы, Шар қаласына қарасты Көшек ауылы тұрғындарының алкоголь өнімдерінен саналы түрде бас тарту туралы бірауыздан шешім қабылдауы.

16 ақпанда ауыл мектебінде өткен жалпы жиында Көшек ауылы ресми түрде "ішімдіксіз ауыл" мәртебесіне ие болды. Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, жергілікті атқарушы органдар, білім саласының қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері, ауыл ақсақалдары мен жастары қатысты.

40 ауладан тұратын, 170 тұрғыны бар ауыл халқы қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, құқық бұзушылықтардың, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу және жас ұрпаққа үлгілі орта қалыптастыру мақсатында алкогольден бас тарту туралы ортақ ұстаным білдірді. Бұл – мәжбүрлі шара емес, ауыл тұрғындарының болашаққа деген жауапты әрі саналы таңдауы.

Жиында сөз сөйлеген Шар қалалық полиция бөлімшесінің бастығы Нұржан Төлегенов бұл бастаманың құқықтық тәртіпті нығайтудағы маңызына тоқталып, алкоголь тұтынудың азаюы қылмыс пен құқық бұзушылық деңгейінің төмендеуіне оң әсер ететінін атап өтті. Ал қала әкімдігі өкілдері ауыл тұрғындарының бастамашылдығына жоғары баға беріп, Көшек ауылының бұл қадамы өзге елді мекендерге үлгі болатынын жеткізді.

Ауыл ақсақалдары да игі бастаманы қолдап, салауатты өмір салтын ұстану – берекелі өмір мен жарқын болашақтың кепілі екенін атап өтті. Олардың айтуынша, бұл шешім ауыл бірлігін нығайтып, жас ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал етеді.

Қазіргі таңда Көшек ауылы Жарма ауданындағы ресми тіркелген төртінші "ішімдіксіз ауыл" атанып отыр. Бұл – өңірде жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың нақты нәтижесі.

Көшек ауылының таңдауы – қоғамдық тұрақтылықты нығайтып, заңға құрметті арттыруға және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Мұндай игі бастамалар қоғамда салауатты құндылықтарды қалыптастырып, ел бірлігін нығайтуға өз үлесін қоса бермек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру