Қостанай облысында еңбек ұжымдарымен этносаралық келісім мәселелері талқыланды
Қостанай облысында еңбек ұжымдарымен этносаралық келісім мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысы полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастамасымен және қоғамдық келісіммен бірлесіп "Варваринское" ЖШС-нің, сондай-ақ өңірдегі бірқатар кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері еңбек ұжымдарында және медиакеңістікте — әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жанжалдардың алдын алу, этносаралық келісімді нығайту және қоғамдық тұрақтылықты сақтау мәселелерін түсіндірді. Әсіресе "өшпенділік тілі" ұғымына, оның қоғамға тигізетін кері әсеріне және арандатушылық материалдарды таратқаны үшін заңнамада көзделген жауапкершілікке ерекше назар аударылды.
Наталья Рамазанова интернет пен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпараттың қоғамдық пікірге әсері туралы айтып, тексерілмеген мәліметтерге сыни көзқараспен қараудың маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар қатысушыларға жанжалдардың қалай туындайтыны және олардың қатысушысына айналып кетпеу үшін қандай әрекеттер жасау қажет екені жөнінде нақты ұсыныстар берілді.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформалардың негізгі бағыттары да түсіндіріліп, енгізілген өзгерістердің мемлекетті дамытудағы және азаматтардың құқықтарын қорғаудағы рөлі атап өтілді.
Іс-шара ашық диалог форматында өтті. Кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Қатысушылар қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің негізі — өзара құрмет, түсіністік және бейбіт қарым-қатынас мәдениеті екенін атап өтті.
Полиция өкілдері мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Себебі қоғамдық келісімді нығайту және жанжалдардың алдын алу — мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.
