"Заң керуені" акциясы аясында Аршалы станциясында тұрғындарға құқықтық кеңес берілді
Ақмола облысының Аршалы станциясында республикалық "Заң керуені" акциясы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға Аршалы станциясындағы желілік полиция бөлімшесі, Астана көлік прокуратурасы және Аршалы станциясының өкілдері қатысты.
Акция барысында теміржол вокзалы аумағында азаматтарды қабылдау ұйымдастырылып, тұрғындардың сұрақтары мен өтініштеріне құқықтық кеңес берілді. Мамандар қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ақпарат берді.

Іс-шара "Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясында өтті. Негізгі мақсат — қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайту, құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыру, азаматтарға қолжетімді құқықтық көмек көрсету.
Аршалы станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің бастығы Ерлан Рахимов атап өткендей, әділетті қоғамның негізі — заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіп.
— "Заң керуені" акциясы аясында құқық қорғау органдары азаматтарды қабылдап, өзекті мәселелерін тыңдайды. Тұрғындарға заң талаптары түсіндіріліп, құқықтық кеңес беріледі. Көтерілген мәселелер тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп шешілуде, — деді бөлімше бастығы.
Сонымен қатар акция барысында күрделі және жедел шешуді қажет ететін мәселелер көлік прокуратурасының бақылауына алынып, жан-жақты зерделенеді. Республика көлемінде өтіп жатқан акция шалғай елді мекендерде жедел құқықтық көмек көрсетуге бағытталған және азаматтардың заңды құқықтарын жүзеге асыруға қолдау көрсетуді көздейді.
Акция аясында тұрғындарға жан-жақты құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тегін құқықтық кеңестер ұсынылды.
