Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде қызметкерлерге арналған психологиялық тренинг ұйымдастырылды

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде қызметкерлерге арналған психологиялық тренинг ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызметтің қарбаласқа толы күнделікті ырғағы мен жоғары жауапкершілік жүктемесі адамнан зор төзімділік пен мықты психологиялық дайындықты талап етеді. Осындай жағдайда қызметкерлердің психологиялық ахуалын жақсарту, ұжымдық бірлікті нығайту және кәсіби серпін беру маңызды. Осы мақсатта ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінде жеке құрам арасында психологиялық тренинг ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында қызметкерлерге сала ерекшелігімен үндес символдық суреттер ұсынылып, олардың мән-мағынасына талдау жасау арқылы ой бөлісуге мүмкіндік берілді. Бұл тапсырма қатысушылардың кәсіби қызметке деген көзқарасын жаңаша пайымдауға ықпал етті. Сонымен қатар есте сақтау қабілетін дамытуға арналған арнайы ойындар ұйымдастырылып, қызметкерлер белсенділік пен қызығушылық танытты.

Тренингтің келесі кезеңінде қатысушылар екі топқа бөлініп, "лабиринт" ойыны арқылы өзара үйлесімді әрекет ету дағдыларын көрсетті. Күрделі жолдар мен бағыттардан дұрыс шешім табу барысында олардың ұйымшылдығы, өзара қолдауы және бірлесіп әрекет ету қабілеті айқын байқалды. Бұл тапсырма ұжымдық сенім мен өзара түсіністіктің жоғары деңгейде екенін көрсетті.

Сондай-ақ қызметкерлер кәсіби салаға қатысты жасырылған терминдерді анықтау тапсырмасын орындап, өздерінің білім деңгейі мен тапқырлығын танытты. Тренинг барысында олар шапшаңдықпен қатар логикалық ойлау және шешім қабылдау қабілеттерін де көрсете білді.

Мекеменің жеке құраммен жұмыс жөніндегі аға инспекторы Динара Шахидің айтуынша, аталған іс-шараның негізгі мақсаты — қызметкерлердің эмоционалдық күйін жақсарту, қызметтік жүктемеден туындайтын шаршауды азайту және ұжымдағы өзара сенім мен бірлікті нығайту.

Тренинг соңында қызметкерлер бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, әріптестерінің жағымды қасиеттерін атап өтті. Іс-шара ұжымда жағымды психологиялық ахуал қалыптастырып, қызметкерлердің өзара құрметі мен ұйымшылдығын арттыруға оң әсерін тигізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру