Ұрпақтар сабақтастығы: Абай облысы ҚАЖД мекемесінің қызметкерлері ардагерлерлерге алғыс білдірді
Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемесінің қызметкерлері ҚАЖ ардагерлерінің тұрғылықты мекенжайлары мен жұмыс орындарына барып, көп жылғы мінсіз еңбегі мен ведомствоның дамуына қосқан үлесі үшін терең ризашылықтарын білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Аға буын өкілдері үшін бұл кездесу жағымды әрі толғанысты тосынсый болды. Шай үстінде ардагерлер қызмет жылдарын еске алып, күрделі күндер, алғашқы кезекшіліктер мен иық тіресе еңбек еткен әріптестері туралы әңгімелерімен бөлісті. Олардың көпшілігі бөлімшелердің қалыптасуының бастауында тұрып, тәртіп пен заңдылықты нығайтуға елеулі үлес қосқан.

Құрмет белгісі ретінде аға буын қызметкерлеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Қазіргі қызметкерлер ардагерлерге жанқиярлығы, принципшілдігі және антына адалдығы үшін алғыс айтып, олардың тәжірибесі мен өмірлік даналығы бүгінгі ұрпақ үшін бағдар болып қала беретінін атап өтті.
– Біздің ардагерлеріміз – өмірін қызметке арнаған, қылмыстық-атқару жүйесінің берік іргетасын қалаған ар-намыс пен парыз иелері. Біз олардың іске адалдығы, табандылығы мен кәсібилігі үшін шын жүректен ризамыз. Олардың өнегесі жас қызметкерлерге шабыт беріп, ведомствоның үздік дәстүрлерін сақтауға және корпоративтік рухты нығайтуға көмектеседі. Ардагерлерге қамқорлық жасау – бұл жай ғана міндет емес, қызметіміздің бастауында тұрған жандарға деген шынайы құрмет. Осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасады. Тарихи жадты сақтау, ардагерлерді қолдау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту – Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің тәрбиелік әрі әлеуметтік жұмысының маңызды бағыты болып қала береді, – деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Рүстем Берлібеков.
