Павлодар облысында мал ұрлығының және заңсыз ет тасымалдаудың алдын алу шаралары жүргізілді
Павлодар облысында полицейлер "Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында мал мен ет өнімдерін тасымалдаған автокөліктерге, шаруа қожалықтарына және ет өнімдерін өткізу орындарына кешенді тексеру жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мал ұрлығының алдын алу, заңсыз тасымалдау деректерін анықтау және ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталуын бақылау болды.
Рейд барысында мал және ет өнімдерін тасымалдаған 300-ге жуық автокөлік, 250 шаруа қожалығы және 153 ет өнімдерін өткізу орны тексерілді. Нәтижесінде құжатсыз ет өнімдерін тасымалдаудың екі дерегі анықталып, мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін 9 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар арнайы тұрақтарға 115 иесіз мал жеткізілді.
Атап айтқанда, Екібастұз – Бесқауға автожолының 18-шақырымында қараусыз жүрген 12 жылқы жүргізушілер үшін жол-көлік оқиғасы қаупін тудырған. Анықталғандай, мал иесі бақташы жалдағанымен, ол өз міндетін тиісінше орындамай, малды қараусыз қалдырған.
Бұдан бөлек, Омбы бағытына шығатын тас жолда полиция қызметкерлері тиісті құжаттарсыз бес ірі қара малды тасымалдаған Газель автокөлігін тоқтатты. Жүргізуші малдың шығу тегін растайтын құжаттарды ұсына алмағандықтан, оны әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тиісті материалдар жиналды.
Павлодар облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Таңжановтың айтуынша, тексеру барысында ет өнімдерін өткізудің заңдылығына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, ветеринариялық анықтамалардың болуы, еттің шығу тегін растайтын құжаттардың толықтығы және өткізу кезінде белгіленген талаптардың сақталуы мұқият тексерілді.
Полиция қызметкерлері мал иелеріне жануарларды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар мал жаюға жауапты тұлғалармен міндетті түрде келісімшарт жасасу, мал басын тұрақты есепке алып, таңбалау, чиптеу және сырғалау жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ GPS-трекерлер орнату ұсынылады. Бұл шаралар малдың сақталуын қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
