Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында пробация есебіндегі жастар жаңа мамандықты игерді

Қызылорда облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен пробация есебіндегі азаматтар мен NEET санатындағы жастарға арналған мобилография бойынша үш күндік тегін оқу курсы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқу барысында қатысушылар заманауи цифрлық контент жасаудың негізгі тәсілдерін меңгерді.

Курс аясында тыңдаушылар смартфон арқылы сапалы фото және бейнематериал түсіру, жарықты дұрыс пайдалану, кадр композициясын құру, монтаж жасау және әлеуметтік желілерге арналған қысқа форматтағы бейнероликтер әзірлеу бойынша тәжірибелік білім алды. Сонымен қатар жеке бренд қалыптастыру, аудиториямен тиімді байланыс орнату және контентті ілгерілету жолдары жан-жақты түсіндірілді.

Үш күндік оқу нәтижесінде қатысушылар жаңа дағдыларды игеріп, болашақта табыс табуға мүмкіндік беретін заманауи бағыт бойынша алғашқы қадамдарын жасады. Оқу соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

– Бұған дейін қолымда ұялы телефон болғанымен, мобилография туралы түсінігім болмаған еді. Бұл курсқа қатысқаныма өте қуаныштымын. Телефон арқылы қаншама мүмкіндік бар екеніне көзім жетті. Қазіргі таңда әлеуметтік желі қарқынды дамып келеді, сондықтан өмірдің әр сәтін бейнелеп, мобилография арқылы түрлі контент жасауға болады. Осы курсқа қатысуыма қолдау көрсеткен қалалық пробация қызметіне алғысымды білдіремін, – деді пробация есебіндегі азамат.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру