Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысы полиция департаменті жұмысшы мамандар мен ардагерлерге құрмет көрсетті

Ақтөбе облысы полиция департаменті жұмысшы мамандар мен ардагерлерге құрмет көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Еңбекті бағалау, маңдай тер мен адал қызметке құрмет көрсету – қоғамның берекесін арттыратын ізгі дәстүр. Алғыс айту күніне орай Ақтөбе облысы полиция департаментінде әр салада табанды еңбек етіп жүрген азаматтарға арналған мазмұнды әрі тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.

Салтанатты жиында департамент бастығы Қайыркен Әлиев жұмысшы мамандық иелеріне шынайы ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар табыстады. Марапат иелері қатарында аула мен ғимарат тазалығына жауапты қызметкерлер, шаруашылық бөлімінің мамандары, ІІМ емханасының медицина қызметкерлері және ішкі істер органдарының ардагерлері бар.

Шара барысында саналы ғұмырын ел тыныштығы мен қауіпсіздігіне арнаған аға буын өкілдеріне айрықша құрмет көрсетілді. Олардың көпжылдық адал қызметі мен мол тәжірибесі жас қызметкерлер үшін өнегелі жол екені атап өтілді.

Сонымен қатар департамент басшысы ішкі істер органдарының ардагері — милиция полковнигі, бұрынғы ОБХСС (социалистік меншікті жымқыруға қарсы күрес бөлімі) бастығының орынбасары, 85 жастағы Төлеубай Сарбаевтың шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті. Ол ішкі істер органдарында 30 жылға жуық абыройлы қызмет атқарған. Департамент басшысы ардагердің жанкешті еңбегі мен баға жетпес өмірлік және кәсіби тәжірибесі үшін зор алғысын жеткізді.

— Алғыс айту күні – адамдардың бір-біріне жасаған жақсылығы мен көрсеткен қолдауы үшін шынайы ризашылық білдіретін ерекше мереке. Бұл күн ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, қоғамдағы сыйластық пен бірлікті арттыра түседі. Баршаңызды осы айтулы мерекемен құттықтаймын! Сізге зор денсаулық, амандық және сарқылмас қуат тілеймін, — деді Қайыркен Әлиев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру