Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Пробация бақылауын елемеген азамат бас бостандығынан айырылды

Семей қаласында бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған 33 жастағы азаматқа тағайындалған бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Мұндай шешімге оның пробациялық бақылау талаптарын бірнеше рет өрескел бұзуы негіз болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұған дейін сот аталған азаматқа бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін ол Семей қаласының орталық аудандық пробация қызметінің есебіне қойылып, өзіне жүктелген құқықтары мен міндеттері толық түсіндірілді. Сонымен қатар сот белгілеген шектеулерді бұзған жағдайда заң аясында жауапкершілікке тартылатыны туралы ресми түрде ескертілді.

Алайда сотталған азамат белгіленген талаптарды сақтамаған. Ол тыйым салынған уақытта бірнеше рет тұрғылықты мекенжайында болмаған. Осы бұзушылықтарға байланысты оған электрондық бақылау құралы қолданылды.

Пробация қызметінің мәліметінше, мониторинг нәтижесінде оның қаладағы түнгі клубтардың бірінде бірнеше рет болғаны анықталған. Өз түсініктемесінде азамат бұл орындарға достарының шақыруымен, туған күндер мен өзге де мерекелік шараларға қатысу үшін барғанын айтқан.

Жүйелі түрде тіркелген тәртіп бұзушылықтарды ескере отырып, сот жазаның өтелмеген бөлігін — бір жыл үш ай мерзімді — бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы шешім қабылдады.

Семей қаласы орталық аудандық пробация қызметінің бастығы Ержан Есполатовтың айтуынша, бас бостандығын шектеу жазасы сотталған адамға қоғамнан оқшауланбай, түзелуге мүмкіндік береді.

— Бас бостандығын шектеу — бұл сотталған азаматқа түзеу мекемесіне жіберілмей, қалыпты өмірін жалғастыра отырып, мінез-құлқын түзетуге берілетін мүмкіндік. Алайда сот белгілеген талаптарды жүйелі түрде бұзған жағдайда, сот жазаны қатаңдатуға құқылы. Бақылау тұрақты түрде, соның ішінде электрондық бақылау құралдары арқылы жүзеге асырылады, — деді ол.

Өз кезегінде сотталған азамат өзінің жіберген қателіктерін кеш түсінгенін мойындады.

— Бір жыл бұрын өмірім күрт өзгерді: он жылға жуық бірге тұрған жұбайыммен ажырасып, екі кішкентай баламнан алыстадым. Сол кезде бәрін жаңадан бастауға болады деп ойладым. Достарыммен бірге түрлі шараларға барып, өзімді алаңдатуға тырыстым. Сот маған бас бостандығын шектеу жазасын тағайындағанда, бәрін бақылауда ұстай аламын деп сендім. Алайда әрбір тәртіп бұзушылық мені еркіндіктен алыстатып жатқанын түсінбедім. Ең ауыры — балаларымның жанында бола алмай, олардың өсіп жатқанын көре алмауым. Қарапайым көрінген әрекеттердің соңы еркіндігімнен айырылуға әкелді. Енді өз іс-әрекетім үшін толық жауапкершілікті қабылдап, дұрыс жолға түсуге үміттенемін, — деді ол.

Пробация қызметінің мәліметінше, сот белгілеген талаптарды сақтау — қоғамнан оқшауланбай жаза өтеудің негізгі шарты. Белгіленген тәртіпті бұзу жазаның қатаңдатылуына және нақты бас бостандығынан айыруға әкеп соғуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру