Ақтөбе облысында тіркелген мекенжайы бойынша тұрмайтын шетел азаматтары анықталды
Ақтөбе облысында тіркелген мекенжайы бойынша тұрмайтын шетел азаматтары анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері Ақтөбе облысында тұрақты тұрып жатқан шетелдіктерге ауқымды тексеріс жүргізді. Іс-шара барысында алты мыңнан астам азаматтың тіркеу мекенжайлары қаралды.
Тексеру барысында белгілі болғандай, кейбір шетел азаматтары нақты тіркелген мекенжайында тұрмайды. Бір бөлігі ұзақ уақыт Қазақстаннан тыс жерде болған, ал басқалары басқа өңірлерге қоныс аударғанымен, деректерін уақытылы жаңартпаған.
Қазіргі уақытта талаптарды сақтамаған тұлғалардың тұрақты тұруға берілген рұқсаттарын күшін жою жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар тіркеу мекенжайында тұрмайтын шетел азаматтарының нақты орналасқан жері анықталып жатыр.
Тексеру қорытындысы бойынша мекенжайында тұрмайтын адамдарды тіркеуге жол берген алты тұрғын үй иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге көші-қон заңнамасын бұзған 27 шетел азаматы да жауапқа тартылды.
