Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

UAE SWAT Challenge жеңімпаздары елордалық мектеп оқушыларымен кездесті

UAE SWAT Challenge жеңімпаздары елордалық мектеп оқушыларымен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордада "Заң және тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында "Байқоңыр"ауданы полиция басқармасы №16 мектеп-гимназиясында "Жас сақшы" сыныбының оқушыларымен 2026 жылғы UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінің жеңімпаздарымен кездесу ұйымдастырды.

"Жас сақшы" сыныбы – болашақта құқық қорғау саласында қызмет етуді мақсат еткен оқушылардан құрылған арнайы сынып. Жалпы білім берумен қатар, мектеп оқушылары полиция қызметкерлерімен кездесулер мен сабақтарға қатысып, ішкі істер органдары қызметінің ерекшеліктерімен танысады. Оқушылар арнайы форма киіп жүреді, ал тәртіп пен жауапкершілік олардың оқу-тәрбиесінің маңызды бөлігі болып табылады.

"Жас сақшы" сыныбы жасөспірімдердің болашақ мамандығын таңдауға көмектесіп қана қоймай, олардың бойында адалдық, батылдық, жауапкершілік және өзара көмек сияқты қасиеттерді қалыптастырады. Мұнда алған білімдері мен дағдылары алдағы уақытта құқық қорғау органдары жүйесінің оқу орындарына түсуге берік негіз бола алады.

Мұндай кездесулер өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарып, полиция мамандығына деген құрметті қалыптастырып, жастардың қызметке деген қызығушылығын арттырады.

Кездесуге елордалық жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері — Елдос Сартай және Мөлдір Атанай қонақ болды. Олар ондаған елдің командалары қатысқан халықаралық UAE SWAT Challenge турнирінде Қазақстан намысын лайықты қорғап, жоғары нәтиже көрсетті.

Кездесу барысында қызметкерлер өздерінің қызмет жолы, халықаралық жарыстарға дайындық барысы, сондай-ақ тәртіп пен командалық жұмыстың маңызы туралы әңгімеледі. Оқушылар қонақтарға белсенді түрде сұрақтар қойып, арнайы шығармашылық нөмірлер де дайындады.

Осындай іс-шаралар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, полиция мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ оқушыларды заң мен қоғамға қызмет етуге бағытталған мамандықтарды таңдауға жігерлендіреді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру