Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі тәжірибелі басшының еңбек жолы
Қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Бұл бағытта құқық қорғау органдарының жұмысы тек заң аясында ғана емес, адам тағдырына жанашырлықпен қарауды да талап етеді. Осындай жауапты саланың алдыңғы шебінде жүрген мамандардың бірі – ІІМ әкімшілік полиция комитетінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес басқармасының бастығы Ақмарал Серікбаева. Бұл салада 25 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келе жатқан полицей туралы Рolisia.kz сайты ақпарат ұсынады.
Ақмарал Серікбаеваның ішкі істер органдарындағы қызмет жолы 2000 жылдан басталады. Алайда полиция қызметкері болу туралы арманы әлдеқайда ертерек қалыптасқан.
– Мен ішкі істер органдарындағы қызметімді 2000 жылы бастадым. Бірақ полиция қызметкері болу туралы арманым бала кезімнен қалыптасты. Арқалық қаласында жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бірден ішкі істер басқармасына барып, екі жыл бойы тергеу бөлімінде тәжірибеден өттім. Ол кезде қыздарды полиция қызметіне қабылдау өте қиын болатын. Сондықтан еңбек ақысыз тәжірибеден өтіп, тергеушілермен бірге қылмыстық істерді тергеуге қатысып, тергеу жұмысының барлық қыр-сырын меңгердім, – дейді ол.
Кейін заңгерлік білім алып, ресми түрде ішкі істер органдарына қабылданады. Ал әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау саласына 2005 жылы келеді.
– Тергеу бөлімінде жұмыс істеп жүргенде әйелдерге қарсы жасалатын ауыр қылмыстарды тергеуге қатысып, олардың тағдырын көрдім. Бұл мәселе мені қатты толғандырды. Сол кезде осы бағытта жұмыс істеп, зорлық-зомбылықтың алдын алуға өз үлесімді қосу керек деген шешім қабылдадым, – дейді Ақмарал Серікбаева.
Көп жылдық қызмет барысында ол бұл саладағы бірқатар маңызды бастамаларға қатысқан.
– Мен үшін ең үлкен жетістік – әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған заңнамалық және практикалық өзгерістерге үлес қосу. Соңғы жылдары Парламент депутаттарымен бірлесіп отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған заңнамалық түзетулерді әзірлеуге қатыстым, – дейді басқарма бастығы.
Сонымен қатар полиция қызметкерлеріне арналған әдістемелік құралдар, оқу бағдарламалары мен іс-қимыл алгоритмдерін әзірлеуге де атсалысқан.
– Тағы бір маңызды бағыт – халықаралық тәжірибені енгізу. Германия, Канада және басқа елдердің тәжірибесін зерттей отырып, агрессорлармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін пилоттық түрде енгіздік. Бірақ мен үшін ең үлкен жетістік – қиын жағдайға тап болған адамдардың тағдырының өзгеруі, – дейді ол.
Бұл салада жұмыс істеу тек кәсіби дайындықты ғана емес, үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Сондықтан Ақмарал Серікбаева ұжымдағы атмосфераға ерекше мән береді.

– Мен үшін ұжымдағы ең маңызды нәрсе – сенім мен кәсібилік. Бұл салада жұмыс істейтін қызметкерлер тек заңды ғана емес, адам тағдырын да түсіне білуі керек. Біздің жұмысымыз тек құқық бұзушылықты тіркеумен шектелмеуі тиіс, ең бастысы – адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – дейді ол.
Полиция қызметі барысында түрлі күрделі жағдайлар кездесетіні белгілі. Басқарма бастығы үшін де есте қалған оқиғалар аз емес.
– Есімде қалған ең ауыр оқиғалардың бірі – күйеуі қарумен әйелін өз үйінде кепілге алған жағдай. Бұл туралы көршісі телефон арқылы хабарлады. Біз учаскелік инспектормен бірге оқиға орнына жедел тергеу тобынан бұрын жеттік. Ұзақ уақыт бойы қылмыскермен психологиялық сөйлесу жүргіздік. Ақыры ол сабасына түсіп, әйелді аман-есен босатты, – деп еске алады ол.
Тағы бір жағдай оның есінде ерекше сақталған.
– Дағдарыс орталығы жоқ кезде үш баласы бар жәбірленуші әйелді уақытша өз үйіме орналастыруға тура келген. Кейін сот шешімінен соң оны балаларымен ата-анасының үйіне басқа қалаға жіберу үшін билет алып беріп шығарып салдым. Осы оқиғадан кейін жергілікті әкімдікке бірнеше рет ұсыныс жасап, сол қалада шағын дағдарыс орталығы ашылды, – дейді Ақмарал Серікбаева.
Оның айтуынша, бұл мамандық кездейсоқ таңдау емес.
– Мен үшін бұл – саналы таңдау және өмірлік миссия. Бала кезімнен полиция қызметкері болуды армандадым. Ал осы салаға келгеннен кейін әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қорғау менің кәсіби жолым ғана емес, азаматтық ұстанымым екенін түсіндім, – дейді ол.
Бүгінде әйелдердің басқару жүйесіндегі рөлі артып келеді. Бұл өзгеріс құқық қорғау саласына да әсер етуде.
– Қазіргі қоғамда әйелдердің көшбасшылық рөлі қалыпты құбылыс деп ойлаймын. Қазір әйелдер де ер адамдармен қатар басшылық қызметтерде еңбек етіп жүр. Полиция қызметі оңай емес, бірақ әйелдердің де бұл салада табысты қызмет атқара алатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр, – дейді басқарма басшысы.
Оның пікірінше, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
– Бұл жұмыс тек құқық қорғаумен шектелмейді. Ол профилактика, ақпараттандыру және қоғаммен серіктестік арқылы жүзеге асады. Біз қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үлес қосуымыз керек, – деп түйіндеді Ақмарал Серікбаева.
Қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылық – әр адамның өміріне тікелей әсер ететін маңызды құндылық. Бұл жолда заң талаптарын орындаумен қатар, адамдардың тағдырына бейжай қарамайтын мамандардың еңбегі ерекше. Көпжылдық тәжірибесі бар Ақмарал Серікбаева үшін тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – тек кәсіби міндет емес, қоғамдағы әділдік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған өмірлік миссия. Оның айтуынша, бұл бағыттағы нәтижелі жұмыс тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның бірлескен әрекеті арқылы жүзеге асады.
