Алматы полиция департаментінде Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік шара өтті
Алматы қалалық ПД-да Халықаралық әйелдер мерекесіне орай мерекелік шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласының полициясында Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік концерт ішкі істер органдарында қызмет атқарып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып жүрген әйел қызметкерлердің құрметіне ұйымдастырылды.
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов қызметкер әйелдерді мерекемен құттықтап, олардың ішкі істер органдары жүйесіндегі маңызды рөлін ерекше атап өтті. Ол әйел полицейлердің кәсібилігіне, жауапкершілігі мен қызметке адалдығына жоғары баға берді.
- Погон таққан әйелдер ер азаматтармен қатар күрделі әрі жауапты міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Сіздер жоғары кәсібилік, төзімділік пен қайсар мінез көрсетіп қана қоймай, адамгершілік, мейірім мен әділдікке деген ерекше сезімді сақтай білесіздер. Бұл қасиеттер қоғамның полицияға деген сенімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, – деді Айдын Кабдулдинов.
Сондай-ақ департамент бастығы ішкі істер органдарының әйел ардагерлеріне алғыс білдіріп, олардың кәсіби дәстүрлерді қалыптастырып, мол тәжірибесін жас буынға жеткізудегі еңбегін атап өтті.
- Сіздер ұжымның көркі ғана емес, оның сенімді тірегісіздер. Еңбектеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен қызметке деген адалдықтарыңыз қаламыздағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі болып табылады, – деп атап өтті Алматы полициясының басшысы.
Салтанатты шара аясында қызметкерлер мен қонақтарға арнап қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Танымал әндер шырқалып, көрермендерге көктемгі көңіл күй мен көтеріңкі рух сыйлады.
Мерекелік бағдарлама жауапты қызметті абыроймен атқарып, кәсіби жетістіктер мен отбасылық өмірді үйлестіре білген әйелдерге көрсетілген құрмет пен ризашылықтың жарқын белгісіне айналды.
