Ақмола облысында боранда қалған жолаушыларға полицейлер көмектесті
Астана – Қарағанды – Алматы республикалық автожолының 1323-шақырымында, Ижевск ауылына кіреберіс тұста полиция қызметкерлері қиын жол жағдайына тап болған азаматтарға көмек көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Трассаны патрульдеу кезінде полицейлер жол жиегінде тоқтап тұрған автокөлікті байқайды. Ауа райының күрт нашарлап, көріну деңгейінің нөлге дейін төмендеуіне байланысты көлік жүргізушісі қозғалысты жалғастыра алмаған.
Көлік салонында жолаушылар болған, олардың арасында кәмелетке толмаған балалар да бар. Жағдайды және адамдардың өмірі мен денсаулығына төнуі мүмкін қауіптерді ескере отырып, полиция қызметкерлері оларды шұғыл түрде эвакуациялау шараларын ұйымдастырды.
Нәтижесінде жолаушылар қауіпсіз жерге жеткізілді. Полицейлердің кәсібилігі мен жедел әрекетінің арқасында ықтимал қауіптің алдын алып, азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
Айта кету керек, автожолдарда қызмет атқаратын полиция қызметкерлері тәулік бойы трассаларды патрульдеп, жол жағдайын бақылауда ұстайды және кез келген сәтте жол қозғалысына қатысушыларға көмек көрсетуге дайын. Олардың негізгі міндеті – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ғана емес, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, әсіресе қолайсыз ауа райы мен көріну деңгейі төмен жағдайларда қауіпсіздікті сақтау.
Полиция жүргізушілерге жолда қауіпсіздік талаптарын сақтауды, ауа райы жағдайын ескеруді және көріну деңгейі нашарлаған кезде мүмкіндігінше алыс сапарларға шықпауды ескертеді.
