Жетісу облысында полицейлер спортта жоғары нәтижелер көрсетіп жүр
Жетісу облысында полицейлер спортта жоғары нәтижелер көрсетіп жүр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Спорт — жай ғана әуестік емес. Ол адамның ішкі күшін, өзіне деген сенімін, тәртіптілігі мен кемелдікке ұмтылысын айқындайтын өмір салты. Мұндай қасиеттер жауапты қызметті белсенді спорттық өмірмен ұштастырып жүрген әйелдердің бойынан ерекше көрінеді.
Жетісу облысы полиция департаментінде спортты өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған қызметкер әйелдер аз емес. Қызметтің тығыз кестесіне, тәуліктік кезекшіліктерге және азаматтардың қауіпсіздігі үшін жоғары жауапкершілікке қарамастан, олар жаттығуға уақыт тауып, жақсы дене дайындығын сақтап келеді. Олардың табандылығы мен рухының мықтылығы әріптестерінің де, қоғамның да құрметіне ие.
Полиция қатарындағы нәзік жандылардың арасында түрлі спорт түрлерінде жоғары нәтижелерге жетіп жүргендері де бар. Волейбол, жеңіл атлетика, үстел теннисі, қоян-қолтық ұрыс секілді спорт түрлерінде қызметкер қыз-келіншектер төзімділік пен шеберліктің, нағыз спорттық мінездің үлгісін көрсетіп жүр.
Спорт тек денсаулықты нығайтып қана қоймай, табандылық, сабырлылық және өз күшіне сенімділік сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастырады. Бұл қасиеттер полиция қызметінде айрықша маңызды. Сондықтан көптеген әйел-полицейлер үшін жаттығу — жай ғана хобби емес, кәсіби дайындықтың ажырамас бөлігі.
— Полиция қызметі тек кәсіби білімді ғана емес, жоғары деңгейдегі физикалық дайындықты да талап етеді. Спорт мінезді шыңдайды, қиындықтарды еңсеруге және ешқашан берілмеуге үйретеді. Біздің қызметкер қыз-келіншектеріміз күн сайын мықтылық пен батылдықтың, сонымен қатар нәзіктіктің үйлесім таба алатынын дәлелдеп келеді, — деп атап өтті полиция департаментінің өкілдері.
Бүгінде погон таққан әйелдер жас ұрпақ үшін нағыз үлгіге айналып отыр. Әсіресе қыз балалар үшін олар мақсатқа ұмтылудың, күш пен сенімділіктің символы іспетті. Олар өз үлгілері арқылы нәзіктік пен батылдықтың бір адамның бойында үйлесім таба алатынын, ал табандылық пен еңбек әрдайым жеңіске жеткізетінін көрсетіп келеді.
