Абай облысында ҚАЖ қызметкерлері жалғызбасты зейнеткерге көмектесті
Абай облысы ҚАЖД-ға қарасты әйелдер колониясының қызметкерлері жалғызбасты зейнеткерге көмек көрсетті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қайырымдылық күні Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің әйелдер колониясының қызметкерлері Жарма ауданындағы ауылда тұратын жалғызбасты зейнеткердің үйіне барып, оған қажетті көмек көрсетті.
85 жастағы 4 перзенттің анасы. Жұбайымен 33 жыл бірге өмір сүрген. Алайда 52 жасында күйеуі қайтыс болып, төрт баласымен жалғыз қалды. Өмірдің сынағы мұнымен бітпеді. Күйеуінен айырылғаннан кейін үш ұлынан айырылды. Жалғыз қызы мектепті бітірген соң тұрмысқа шығып, шетелге қоныс аударған. 40 жылдан астам уақыт бойы анасы мен қызы тек телефон арқылы ғана байланысып келеді.

Өмірдің барлық қиындығына қарамастан, Сара Мұстафақызы мойымады. 12 жылдан астам уақыт теміржол вокзалында диспетчер болып жұмыс істесе, кейін шамамен 10 жыл аудандық гастроном дүкенінде сатушы болып еңбек етті. Еңбегі мен табандылығының арқасында балаларына білім беріп, өмірде өз жолдарын табуына көмектесуге тырысты.
Қазір зейнеткер шағын үйде жалғыз тұрады. Тұрмыста оған әлеуметтік қызметкерлер көмектеседі. Алайда биылғы қыс қардың мол жаууына байланысты үйдің ауласы мен терезелері қалың қар астында қалған. Қар үйінділері соншалықты биік болғандықтан, күндіздің өзінде үйде жарық жағуға тура келген. Ауладағы қардың көптігінен зейнеткер құдыққа барып су ала алмай, азық-түлікке де шыға алмай отырған.

Мекеме қызметкерлері зейнеткердің үйіне арнайы барды. Олар ауладағы қарды толық тазалап, қақпаға дейінгі жолды ашып берді, құдықтан су алып беріп, сондай-ақ қажетті азық-түлік жеткізді.
Сонымен қатар Сара Мұстафақызының көп жылдан бері қызын көрмегенін білген қызметкерлер екеуіне бейнеқоңырау ұйымдастырды. Телефон экраны арқылы болса да, бұл кездесу қарт ана үшін үлкен сый болды.
