Жетісуда полицейлер тергеу изоляторында есірткіге қарсы профилактикалық кездесу өткізді
Жетісудағы тергеу изоляторында полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері сот шешімін күтіп отырған тұлғаларға маңызды профилактикалық дәріс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында тәртіп сақшылары заң мен жауапкершілік жайында ғана емес, есірткіге тәуелділіктің қандай салдарға әкелетінін де жан-жақты түсіндірді. Мұндай кездесулердің басты мақсаты — есірткі таралуының алдын алу ғана емес, сонымен қатар адамның ауыр қателік жасағаннан кейін де өз өмірін өзгертуге, дұрыс жолды таңдауға мүмкіндігі бар екенін ұғындыру.
Полиция қызметкерлері есірткінің адам тағдырын талқандап, отбасыны күйретіп, болашақтан айыратынын еске салды. Сондықтан дер кезінде тоқтап, өз іс-әрекетіне қайта қарап, жаңа өмір бастауға күш табу аса маңызды.
– Әр адам қателесуі мүмкін. Бірақ ең маңыздысы — сол қателікті мойындап, түзелуге қадам жасауға батылдық табу, — деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Осындай кездесулер есірткі қылмысына қарсы күрестің тек құқық бұзушылықтардың жолын кесумен шектелмейтінін, сонымен бірге адамдармен жұмыс істеу, олардың санасын өзгертуге ықпал ету және заңға бағынатын өмірге қайта оралуына мүмкіндік беру екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
