Астанада жыл басынан бері тыныштықты бұзудың 6 мыңнан астам фактісі тіркелді
Елордада жыл басынан бері тыныштықты бұзудың 6 мыңнан астам фактісі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы бойынша 6 670 құқық бұзушылық дерегі тіркелді. Бұл – қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстардың өзектілігін тағы бір мәрте айғақтайды.
Құқық бұзушылар қатарына пәтерлерінде музыка дыбысын қатты шығарғандар, көлік ішінен дыбыс күшейткіштер арқылы әуен қосқандар, түнгі уақытта құрылыс немесе жөндеу жұмыстарын жүргізгендер бар.
Мәселен, сағат 00.00 шамасында Қабанбай даңғылы бойында орналасқан жеке балабақшалардың бірінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың тынығуына кедергі келтірген. Оқиға орнына келген учаскелік полиция инспекторлары тарапынан тиісті хаттама толтырылды.
Полиция департаменті азаматтарға тыныштықты сақтау міндетті екенін еске салады. Бұл талап тұрғын үйлерде ғана емес, сонымен бірге ойын-сауық орындарында, қоғамдық тамақтану нысандарында және ашық алаңдарда да қолданылады.
