Абай облысында ҚАЖ қызметкерлері Жаңару күнінде ағаш отырғызды
Наурызнама онкүндігінің алтыншы күні – табиғаттың жаңаруы мен оянуын білдіретін күн. Осы күні Абай облысында экология акция ұымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты әйелдер колониясының қызметкерлері ағаш отырғызды.
Іс-шара Абай облысы Жарма ауданының орталық саябағында өтті. Акция барысында мекеме қызметкерлері 100-ден астам көшет отырғызып, елдімекенді көркейтуге және экологиялық жағдайды жақсартуға елеулі үлес қосты.
Акцияға қатысушылар бірлесе отырып, жұмысқа белсенді атсалысып, жоғары жауапкершілік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.
– Экологиялық акциялардың маңызы зор, өйткені олар қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастырып, экологиялық мәдениетті дамытуға ықпал етеді. Бірлескен еңбек ұжымды нығайтып, адамдарды ортақ мақсатқа біріктіреді. Әсіресе мұндай бастамалардың өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз, – деді мекеме басшысы Уалихан Жумашев.
– Мұндай шаралар ауылымыз үшін өте маңызды. Бірлескен күш-жігердің арқасында саябағымыз көркейіп, жасыл желекке бөленіп келеді. ҚАЖ қызметкерлерінің бейжай қарамай, өңіріміздің дамуына үлес қосып жатқаны қуантады, – деп бөлісті Жарма ауданының тұрғыны.
