Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Таразда полиция қызметкерлері Наурыз мерекесін атап өтті

Таразда полиция қызметкерлері Наурыз мерекесін атап өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тараз қаласы полиция басқармасының саптық алаңында бұл күні ерекше әрі шынайы мерекелік атмосфера қалыптасты.

Аумақ адам танымастай өзгеріп, мұнда ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақыштағы этноауыл бой көтерді.

Қонақтарды қазақтың дәстүрлі киімін киген полиция қызметкерлері қарсы алды. Олар бір сәтке қызметтік формаларын ұлттық киімдерге ауыстырып, төл мәдениеттің көркем көрінісін паш етті.

Айналада жаңа дайындалған ұлттық тағамдардың хош иісі аңқып, мерекелік көңіл-күйге бөледі. Ақжарма тілектер мен ізгі ниетті құттықтаулар іс-шараның шырайын аша түсті.

Іс-шара барысында қазақ халқының салт-дәстүрлеріне ерекше мән берілді. Қызметкерлер "беташар", "бесікке салу" және "тұсаукесер" рәсімдерін сахналық қойылым ретінде көрсетіп, ұрпақ сабақтастығы мен отбасылық құндылықтардың маңызын дәріптеді.

Сонымен қатар тергеушілер, учаскелік инспекторлар, патрульдік полиция қызметкерлері және өзге де бөлім өкілдері ұлттық ойындар — асық ату, арқан тарту және қол күресінен өзара бақ сынасты. Сайысқа ардагерлер де қатысып, өздерінің тәжірибесі мен мықты дайындығын, сондай-ақ командалық рухын көрсетті.

Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев мұндай іс-шаралардың ұжым бірлігін нығайтып, ұлттық мұраға деген құрметті арттыратынын атап өтті.

— Наурыз — жаңару мен жақсылықтың, бірлік пен татулықтың символы. Біз үшін қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, қоғамның рухани-мәдени құндылықтарын сақтау да маңызды. Осындай іс-шаралар ұжымды біріктіріп, өзара түсіністікті нығайтады әрі ата-бабамыздан қалған асыл мұраны ұмытпауға үндейді, — деді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру