Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында есірткі құқық бұзушылықтары бойынша 100-ден астам дерек анықталды

Маңғыстау облысында есірткі құқық бұзушылықтары бойынша 100-ден астам дерек анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Жыл басынан бері өңірде есірткіге қатысты 102 құқық бұзушылық дерегі анықталды.

Олардың ішінде 32 есірткі қылмысы тіркелген. Атап айтқанда, аса ірі мөлшерде есірткі сақтау бойынша 2 дерек, есірткіні насихаттау фактісі бойынша 1 дерек, құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 2 дерегі және есірткінің заңсыз айналымына қатысты 5 дерек анықталды. Сонымен қатар есірткіге байланысты 70-тен астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 33 келіден асатын түрлі есірткі заттары тәркіленді.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Иран бағытынан жеткізілген 28 келіден астам апиын тәркіленіп, осы дерек бойынша 2 күдікті қамауға алынды. Сонымен қатар марихуана тәркілеу фактісі бойынша 1 күдікті ұсталып, одан 3,7 келіден астам есірткі заты алынған.

Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Есірткі қылмысының алдын алу мақсатында бірқатар профилактикалық жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, заңсыз есірткі жарнамасына қатысты 140 граффити жазуы жойылып, интернет кеңістігінде жүргізілген мониторинг нәтижесінде есірткі өнімдерін жарнамалайтын 340 сілтеме бұғатталды.

Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында 170-тен астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.

Полиция департаменті азаматтарды есірткі заттарын пайдаланудан бас тартуға шақырады. Себебі мұндай зиянды әрекеттер адамның денсаулығына ғана емес, оның болашағына да кері әсерін тигізеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру