Қызылордада оқушылармен құқықтық-профилактикалық кездесу өтті
Қызылорда қаласындағы инженерлік бағыттағы №290 "Келешек" мектебінде "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында "Заң және тәртіп" бағыты бойынша 5-11 сынып оқушыларына арналған профилактикалық кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға арнайы қонақ ретінде Қызылорда қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Жантүгел Нұрталап қатысып, оқушылармен мазмұнды әрі тағылымы мол кездесу өткізді.

Кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, заңға деген құрметті қалыптастыру және оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру болды.
Шара барысында бірқатар маңызды мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, дропперлік пен алаяқтықтың қауіптілігі мен салдары, зорлық-зомбылыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, репродуктивті денсаулықты сақтау, жыныстық қолсұғылмаушылықтың алдын алу, сондай-ақ зиянды әдеттердің кері әсері жөнінде жан-жақты түсіндірілді.
Кездесу барысында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Прокурор келтірген өмірлік мысалдар мен түсіндіру жұмыстары қатысушылардың қызығушылығын арттырып, тақырыпты тереңірек түсінуге ықпал етті.
Іс-шара қорытындысында мұндай кездесулердің жас ұрпақты заңға құрметпен қарайтын, жауапкершілігі жоғары, саналы азамат ретінде қалыптастырудағы маңызы ерекше екені атап өтілді.
