Қарағандыда полицейлер боз кілемде белдесті
Қарағандыда полицейлер боз кілемде белдесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласындағы "Динамо" спорт кешенінде ұлттық күрестен "Қарағанды барысы" атты ауқымды турнир жоғары деңгейде өтті. Ең мықтыны анықтауға бағытталған бұл тартысты додаға өңірдің күштік құрылымдарынан құралған 10 командадан 97 балуан қатысып, өзара бақ сынасты.
Бұл турнир тек спорттық жарыс қана емес, төзімділік пен тактикалық шеберліктің, сондай-ақ ата-баба дәстүріне деген құрметтің көрінісі болды. Боз кілем үстінде әділ бәсеке мен жауынгерлік рух айқын сезілді.
Тартысты белдесулер нәтижесінде әр салмақ дәрежесінде үздіктер анықталды. Атап айтқанда 55 келіге дейінгі салмақта ОЖВ өкілі топ жарса, 60 және 66 келіге дейінгі салмақтарда ЖҚАЖ құрамасының балуандары үздік нәтиже көрсетті. Ал 74, 82 және 90 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде ОЖВ өкілдері қарсыластарынан басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. 100 келіге дейінгі салмақта ТЖД өкілі үздік атанса, аса ауыр салмақта ЖҚАЖ құрамасының балуаны жеңімпаз атанды.
Турнирдің басты оқиғасы — абсолюттік салмақ дәрежесіндегі белдесулер болды. Бұл кезеңде Қарағанды қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция полкі өкілінің шеберлігі ерекше көзге түсіп, ол қарсыластарынан басым түсіп, "Қарағанды барысы" атағын иеленді.
Іс-шара салтанатты марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен грамоталар табысталып, олардың кәсібилігі мен жоғары дене дайындығы ерекше атап өтілді.
