СҚО-да полицейлер мереке күндері жүргізушілерге көмек көрсетіп, жоғалған балаларды тапты
СҚО-да полицейлер мереке күндері жүргізушілерге көмек көрсетіп, жоғалған балаларды тапты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мерекелік демалыс күндері Солтүстік Қазақстан облысында жедел ахуал тұрақты сақталды. 21-25 наурыз аралығында өңір жолдарында зардап шеккендер бар жол-көлік оқиғалары тіркелген жоқ.

Осы кезеңде полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін күшейтілген режимде қамтамасыз етіп, жылдамдық режимін бақылауды күшейтті. Сонымен қатар жүргізушілер арасында шаршаған күйде көлік басқарудың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
21 наурыз күні Челябинск — Новосибирск автожолының 594-шақырымында Renault Duster автокөлігінің жүргізушісі полициядан көмек сұраған. Көлікте шұғыл медициналық көмекке мұқтаж азамат болған. Тәртіп сақшылары арнайы жарық белгілерін қосып, автокөлікті облыстық көпсалалы ауруханаға дейін сүйемелдеп, науқасты жедел түрде медициналық мекемеге жеткізуге ықпал етті.

Сол күні Жезқазған — Петропавл автожолының 946-шақырымында дөңгелегі істен шыққан жүк көлігінің жүргізушісіне де көмек көрсетілді. Полицейлер жүргізушіні жақын маңдағы автокөлік бөлшектері дүкеніне жеткізіп, жөндеу жұмыстарын ұйымдастыруға жәрдемдесті.
Мереке күндері жаппай іс-шаралар өтетін орындарда қоғамдық қауіпсіздікке ерекше назар аударылды. Патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар және өзге де қызметкерлер күшейтілген режимде қызмет атқарды. Нәтижесінде Петропавл қаласында Наурыз мейрамы тыныш әрі тәртіп бұзушылықтарсыз өтті.
Дегенмен мерекелік күндердегі ең жиі тіркелген жағдайлар балалардың көпшілік орындарда адасып қалуымен байланысты болды. Полицейлер барлық жағдайда жедел әрекет етіп, жоғалған балаларды тауып, ата-аналарына аман-есен тапсырды. Жедел басқару орталығының мәліметінше 22 наурыз күні осындай 7 дерек тіркелген.
Атап айтқанда сол күні Кожевенный зауыты ауданында серуен кезінде адасып кеткен 3-сынып оқушысы жедел түрде табылып, анасына қайтарылды.
Сонымен қатар демалыс күндері полицияға негізінен отбасылық жанжалдар (49 дерек) мен түнгі тыныштықты бұзу (21 дерек) бойынша шағымдар түскен. Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда мас күйде жүрген 12 азамат анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
