Қарағандыда көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші ұсталды
Қарағандыда 36 жастағы жүргізуші мас күйде әрі куәліксіз көлік тізгіндегені үшін ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері күдік тудырған автокөлікті тоқтатты. Құжаттарды тексеру және жүргізушімен әңгімелесу барысында полицейлер одан алкогольдің өткір иісін сезді. Тексеру нәтижесінде 36 жастағы қала тұрғынының қандай да бір көлік құралын басқаруға заңды құқығы жоқ екені анықталды.

Белгіленген тәртіппен жүргізілген медициналық куәландыру ер адамның мас күйде болғанын нақты растады. Аталған құқық бұзушылық бойынша жиналған әкімшілік материалдар сотқа жолданды, ал құқық бұзушы мінген автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
– Өкінішке қарай, бұл оқиға – өзекті мәселеге айналып отырған заң бұзушылықтың бір көрінісі. Жыл басынан бері Қарағанды қаласында мас күйінде көлік басқарудың 143 дерегі тіркелді. Әсіресе, бес жүргізушінің мас күйінде қайта ұсталып, оларға қатысты қылмыстық істердің қозғалуы алаңдаушылық тудырады. Бұл – олардың заң талаптары мен өзге азаматтардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтынын көрсетеді, – деп атап өтті Қарағанды облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Какимов.
