Шымкентте заңсыз айналымнан 500-ге жуық вейп тәркіленді
Шымкентте “Дәрмек” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп, электрондық тұтыну жүйелерін заңсыз сатумен айналысқан тұлғалардың әрекетін тоқтатты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Үш жас жігіт мессенджерлердің бірінде арна құрып, сол арқылы вейп өнімдерін жарнамалап, сатумен айналысқан.
Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде күдіктілер анықталып, ұсталды. Тексеру барысында заңсыз айналымнан 500-ге жуық вейп тәркіленді.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Тәртіп сақшылары электрондық тұтыну жүйелерінің заңсыз айналымы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
