Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ертіс өңірінде полицейлер Ғазиз Байтасовтың рухына құрмет көрсетті

Павлодар қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының плацында Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың туған күніне орай гарнизондық нұсқаулық өтті. Іс-шара әріптестің жарқын ерлігіне тағзым етіп, бір минут үнсіздік жариялаумен басталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жиын барысында тәртіп сақшылары батырдың жанқиярлығы бүгінгі күнге дейін қызметтің ең жоғары мұраттарының айқын көрінісі болып қала беретінін атап өтті. Оның ерлігі жас қызметкерлер үшін үлгі болып, Отанға адал қызмет етудің символына айналғаны ерекше айтылды.

– Биыл батырдың қаза тапқанына 15 жыл толып отыр. Ғазиз Байтасовтың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Ол халық жадында мәңгі сақталып, полиция қызметкерлері үшін әрдайым бағыт-бағдар бола береді. Біз осындай батырлардың өнегесіне сүйене отырып, өз антымызға адал болуға және елге абыроймен қызмет етуге міндеттіміз, – деді қатысушылар.

Полиция капитаны Ғазиз Байтасов 2011 жылғы 12 қарашада Тараз қаласында қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапты. Қауіпті қылмыскерді ұстау барысында ол өзін жарып жібермек болған лаңкесті өз денесімен жауып, айналасындағыларды ажалдан арашалап қалды. Осы теңдессіз ерлігі үшін оған Қазақстанда алғаш рет (қаза болғаннан кейін) "Халық Қаһарманы" атағы берілді.

Аталған іс-шара бейбіт өмірдің қадірін терең сезінуге мүмкіндік беріп, Отан үшін жанын қиған ерлерге деген құрмет пен алғыстың айқын көрінісіне айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру