Қарағанды облысында полиция басшысы халық алдында есеп берді
Теміртау қаласында Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагуловтың халықпен есептік кездесуі өтті. Жиында полиция қызметінің нәтижелері қорытындыланып, алдағы міндеттер айқындалды, - деп хабарлады Polisia.kz.
Ведомство басшысы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ішкі істер органдарының басты міндеті екенін атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде қылмыс деңгейі 5 пайызға төмендеген. Кісі өлтіру, тонау, ұрлық және бұзақылық деректері азайып, қоғамдық орындардағы қауіпсіздік деңгейі артқан.

Интернет-алаяқтыққа қарсы күреске ерекше назар аударылуда. "Антифрод-орталықтың" жұмысы нәтижесінде 2026 жылдың бірінші тоқсанында мұндай қылмыстар 23 пайызға төмендеді.
Есірткі қылмысына қарсы күрес барысында бір жыл ішінде бір тоннадан астам есірткі тәркіленіп, бірнеше зертхана жойылды. Сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Бүгінде өңірде 86 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік беруде.
Кездесу соңында Негмет Исмагулов қауіпсіздік – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына көмектескен бірқатар азаматтар марапатталды.
