Талдықорғанда студенттермен есірткіге қарсы ашық кездесу өтті
Талдықорған қаласындағы политехникалық колледжде Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткіге қарсы бағыттағы профилактикалық іс-шара өткізді. Аталған бастама қаладағы медиа тұлғалардың және есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерінің қатысуымен бірлесіп ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Студенттермен кездесу "ашық микрофон" форматында өтіп, еркін әрі шынайы пікір алмасуға мүмкіндік берді. Кездесу барысында жастар арасындағы есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу, есірткінің заңсыз айналымының зардаптары мен заңда көзделген жауапкершілік мәселелері кеңінен талқыланды. Ақпаратты әсерлі жеткізу мақсатында есірткіге деген теріс көзқарасты қалыптастыратын әлеуметтік бейнероликтер көрсетілді.
Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері өз ұсыныстарын білдіріп, жастарды саналы таңдау жасауға, құқықтық салдары ауыр болуы мүмкін әрекеттерден бойын аулақ ұстауға шақырды. Кездесу барысында есірткі қылмысы үшін бұрын сотталған азаматтың сөзі студенттерге ерекше әсер қалдырды. Ол өз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жіберілген қателіктердің салдарын ашық айтып, дұрыс өмір жолын таңдаудың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шараның қорытынды кезеңінде кинологиялық қызмет орталығы қызметкерлерінің көрсетілімдік бағдарламасы ұсынылды. Студенттерге қызметтік иттердің есірткі заттарын иіс арқылы, оның ішінде жасырылған есірткі жағдайында да анықтай алатыны көрнекі түрде көрсетілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, профилактикалық іс-шаралар – қылмыстың алдын алудың тиімді құралы. Жастар қауіп-қатер мен оның салдарын неғұрлым ерте түсінсе, соғұрлым оларды орны толмас қателіктерден сақтап қалу мүмкіндігі арта түседі.
