Қызылордада ҚАЖ қызметкерлері тапаншадан ату шеберлігін шыңдады
Қызылорда облысында қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында арнайы оқу-жаттығу ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызмет барысында қауіпсіздік пен дәлдікті қамтамасыз ету – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі. Осы орайда жеке құрамның кәсіби даярлығын арттыру, олардың қарумен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру маңызды рөл атқарады.
Жеке құрам ату тәсілдерін толық меңгеріп, оның барлық ережелерін жетік білуі тиіс. Олар жыл бойы өткізілетін кәсіби қызметтік және дене шынықтыру даярлығы сабақтарында алған білімдері мен тәжірибелерін іс жүзінде қолдануға міндетті. Бұл олардың күнделікті қызмет барысында туындайтын түрлі жағдайларға дайын болуына негіз болады.
Осы мақсатта Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесінде жеке құрам арасында тапаншадан ату бойынша оқу-жаттығу жұмыстары ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығу барысында қызметкерлердің "Макаров" тапаншасын дұрыс қолдану шеберлігіне, нысананы дәл көздеуге және қаруды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға ерекше назар аударылды. Әрбір қатысушы белгіленген нормативтерге сәйкес тапсырмаларды орындап, өздерінің мергендігі мен кәсіби біліктілігін көрсете білді.
