Қызылордада журналистер сотталғандарға кітап сыйлады
Қызылордада өңір журналистері түзеу мекемесіндегі кітапхана қорын толықтырып, сотталғандардың рухани дамуына үлес қосты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңір журналистері Майра Жүнісова мен Мария Умарова облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекеменің кітапханасына кітаптар сыйлады.
Олар өздері оқыған, сондай-ақ ата-аналарынан қалған құнды кітаптарын арнайы әкеліп, кітапхана қорын толықтырды.
– Басты мақсатымыз – жазасын өтеушілердің рухани азық алып, білімдерін жетілдіруіне мүмкіндік жасау. Әкелген кітаптарымыз өз оқырмандарын тауып, олардың көңіл күйін көтеріп, уақыттарын тиімді өткізуге септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Майра Жүнісова.
Ал Мария Умарова тарту етілген кітаптардың ішінде детектив жанрындағы шығармалар мен көркем әдебиеттер бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, әртүрлі жанрдағы кітаптар оқырмандардың қызығушылығын арттыра түседі.
Мекеме басшылығы да бұл игі іске жоғары бағасын берді. Мекеме бастығының орынбасары Ернияз Жеңіс кітапхананы баға жетпес рухани қазынамен толықтырғандары үшін журналистерге алғыс білдірді.
Қазіргі таңда №37 мекеме кітапханасының қорында 2,5 мыңға жуық кітап бар. Жаңа түскен әдебиеттер бұл қорды одан әрі байытып, сотталғандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыра түседі.
