Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жадынамалар таратылды

Абай облысында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 100-ден астам жадынама таратылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жылы мезгіл басталған сайын тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлап кету қаупі өзекті мәселеге айналады. Осыған орай Семей қаласы полиция басқармасының қызметкерлері көпқабатты үйлерді аралап, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Профилактикалық іс-шара барысында ата-аналар мен заңды өкілдерге балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған маңызды кеңестер беріліп, 100-ден астам арнайы жадынама таратылды.

Полиция қызметкерлері балалардың терезеден құлап кетуінің негізгі себептерін түсіндіріп, мұндай жағдайлардың көбінесе ересектердің бақылауының жеткіліксіздігі туғызатынын атап өтті. Әсіресе жаз мезгілінде терезелерді жиі ашу және балалардың белсенділігі қауіп деңгейін арттырады.

Кездесулерде терезелерге орнатылатын арнайы қауіпсіздік бекіткіштерінің маңызы түсіндіріліп, масаға қарсы торлардың қауіпсіздік құралы болмайтыны ескертілді. Себебі торлар баланың салмағын көтере алмай, қайғылы оқиғалар көбінесе осыдан туындайды.

Сонымен қатар ата-аналарға келесі қарапайым, бірақ маңызды қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі айтылды:

  • Кішкентай балаларды, әсіресе терезесі ашық бөлмелерде, қараусыз қалдырмау;
  • Терезелерге арнайы бекіткіштер немесе құлыптау құрылғыларын орнату;
  • Балалардың терезе алдына шығуына мүмкіндік беретін жиһаздарды терезеден алшақ орналастыру;
  • Балалармен қауіпсіздік ережелері туралы тұрақты түрде әңгімелесу.

Полицейлердің айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шаралардың негізгі мақсаты — балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау және әр отбасының қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауына ықпал ету.

Семей қаласы полиция басқармасы ата-аналар мен заңды өкілдерді балалар қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады. Қарапайым сақтық шараларын сақтау көптеген қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Естеріңізде болсын: балалардың қауіпсіздігі — ең алдымен ересектердің жауапкершілігі. Қырағылық пен жауапкершілік әрбір баланың өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру