Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордалық оқушылар ІІМ мұражайына барды

"Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясында Астана қаласы полиция департаменті Ішкі істер министрлігінің мұражайына мектеп оқушыларына арналған танымдық экскурсия ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тағылымды іс-шара полиция капитаны, Халық қаһарманы Газиз Байтасовтың туғанына 55 жыл толуына арналды.

Экскурсияға алғашқылардың бірі болып Байқоңыр ауданы полиция басқармасының қызметкерлерінің сүйемелдеуімен №16 Төлеген Айбергенов атындағы орта мектептің "Жас сақшы" сыныбының 7 сынып оқушылары қатысты. Кейін бұл танымдық шараны жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің қатысуымен №11 Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мектеп-лицейдің "Жас сақшы" сыныбының 5 сынып оқушылары жалғастырды.

Экскурсия барысында оқушыларға ішкі істер органдарының қызметі туралы жан-жақты мәлімет беріліп, ІІМ жүйесінің қалыптасуы мен даму кезеңдері кеңінен таныстырылды. Мұражайдағы тақырыптық экспозициялар жас өрендердің қызығушылығын оятты. Әсіресе, Газиз Байтасовтың ерлігіне арналған қысқаметражды фильм олардың ерекше ықыласын аударып, батырдың жанқиярлығы мен ерлігінің мәнін тереңірек ұғынуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар оқушылар полиция қызметкерлеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қызметтің қыр-сыры, тәртіп талаптары мен кәсіби даярлық жайында құнды мағлұмат алды. Ашық әрі еркін әңгіме барысында олар құқық қорғау органдары қызметінің ерекшеліктерін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әрбір қызметкердің маңызды рөлін тереңірек түсінді.

Астана қаласының полиция департаменті мұндай тағылымды іс-шаралар жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге, олардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру