Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында батырларды еске алуға арналған патриоттық кездесу өтті

Алматы облысында батырларды еске алуға арналған патриоттық кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысында жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге бағытталған тағылымды кездесу ұйымдастырылды. 7 сәуір күні ҚР Ұлттық ұланының №6654 әскери бөлімінде өткен іс-шара 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан Ішкі әскерлер жауынгерлерінің рухына арналды.

Тағылымды жиынға Алматы облысы полиция департаментінің Тәлімгерлер және Ардагерлер кеңесінің мүшелері, Іле ауданының №38 және №7 орта мектептерінің "Жас сақшы" сыныптарының оқушылары, ПД бастығының орынбасары Д.Кутпанов, сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен полиция өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында қатысушылар ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді. Бұл – ел тыныштығы жолында жанын қиған батырларға көрсетілген шынайы құрметтің белгісі.

Жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары Қ.Үмбетов пен ПД Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы С. Нұрахметов жас буынға елге қызмет етудің маңызын атап өтіп, патриотизм мен жауапкершілік әр азаматтың басты құндылығы екенін жеткізді.

Іс-шара аясында "Жас сақшы" сынып оқушыларына арнайы экскурсия ұйымдастырылып, олар Ұлттық ұланның қызметімен жақынырақ танысты. Оқушылар заманауи техникаларды, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын көріп, әскери қызметтің қыр-сыры туралы кең мағлұмат алды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру