Ұландықтар Семейде қайғылы жағдайдың алдын алды
Ұландықтар Семейде қайғылы жағдайдың алдын алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 5511 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында кішкентай баланың өміріне төнген қатердің алдын алды.
Оқиға Әуезов даңғылында патрульдеу кезінде болған. Әскери жасақ көпқабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы ашық терезе маңында ересектердің қарауынсыз тұрған бүлдіршінді байқайды.
Жасақ бастығы ефрейтор Дәулет Сейдалы патрульші ефрейтор Бексұлтан Темірбеков және қатардағы жауынгер Әли Сағымбаевпен бірге баланың терезе алдында ойнап, сыртқа ұялы телефон мен кілттерді лақтырып жатқанын көреді.
Қауіпті жағдайды дер кезінде бағалаған әскери қызметшілер баланың құлап кету қаупін ескеріп, терезе астына жедел орналасады. Сонымен қатар Дәулет Сейдалы подъезге кіріп, үйде ересектердің бар-жоғын анықтап, полиция қызметкерлерін шақырады. Көп ұзамай баланың әкесі де оқиға орнына келеді.
— Біз жағдайдың күрделілігін түсініп, баланы аман алып қалу үшін бар күшімізді салдық. Қажет болған жағдайда қағып үлгеру үшін терезе астында тұрдық. Осы сәтте әр секундтың маңызы зор еді, — дейді ефрейтор Дәулет Сейдалы.
Айта кетейік, аталған әскери бөлімнің қызметшілері бұған дейін де азаматтарға көмек көрсетіп, көшеде денсаулығы күрт нашарлаған адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оның өмірін сақтап қалуға ықпал еткен.
