Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Есірткіге жол жоқ”: Талдықорғанда жастар арасында есірткіге қарсы акция өтті

Талдықорған қаласында Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері “AMANAT” партиясы жанындағы “Жастар Рухы” жастар қанатымен бірлесіп “Есірткіге жол жоқ” атты профилактикалық акция өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара қала жастары жиі жиналатын танымал орындардың бірі — “Атамекен” алаңында ұйымдастырылды.

Акцияның басты мақсаты — есірткіге қарсы тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру және оның зияны мен салдары туралы азаматтардың хабардарлығын арттыру. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері мен белсенділер ақпараттық брошюралар таратып, есірткі заттарының зияны жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Әсіресе жас буынға ерекше назар аударылды. Себебі дәл осы санат қауіп-қатер аймағында болғандықтан, уақытылы профилактика мен қолдауды қажет етеді. Қатысушыларға қарапайым әрі түсінікті тілде тыйым салынған заттарды бір рет қолданудың өзі қандай ауыр салдарға әкелуі мүмкін екені түсіндірілді.

— Профилактика — есірткі қылмысына қарсы күрестің негізі. Біздің міндет — құқық бұзушылықтарды анықтап, жолын кесу ғана емес, олардың алдын алу. Жастардың дұрыс өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру — басты бағыттардың бірі. Таза орта әрқайсымыздан басталады, — деп атап өтті полиция өкілдері.

Мұндай бастамалар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және салауатты қоғам қалыптастыруға зор үлес қосады. Себебі тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана нашақорлықтың таралуына тосқауыл қойып, өскелең ұрпақтың болашағын сақтап қалуға болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру