Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да оқушылар полиция қызметінің ішкі қырын көрді

СҚО-да оқушылар полиция қызметінің ішкі қырын көрді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында "Жас сақшы" сыныбына жаңадан қабылданған оқушылар үшін алғашқы сабақ дәстүрлі сыныпта емес, өңір қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды нысандарда өтті.

Жуырда Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 26 оқушы құқық қорғау бағытындағы бесінші "Жас сақшы" сыныбының қатарына қосылған болатын. Осыған орай олар үшін алғашқы ауқымды іс-шара ретінде облыстық полиция департаментінің нысандарына танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Таныстыру шарасы департамент музейінен басталды. Аталған музей Қазақстан Республикасы ІІМ жүйесіндегі үздік музейлердің бірі саналады. Мұнда оқушылар полиция қызметінің тарихымен, жетістіктерімен танысты.

Одан кейін жас сақшылар жедел басқару орталығында болып, полиция қызметкерлерінің шақыртуларға жедел әрекет ету алгоритмімен және бейнебақылау жүйелері арқылы Петропавл қаласындағы қоғамдық қауіпсіздіктің қалай қамтамасыз етілетінін көрді.

Кинологиялық қызмет орталығында оқушылар қызметтік-іздестіру иттерінің жұмысымен танысты. Полицейлер әр иттің белгілі бір бағыт бойынша – із кесу, есірткі және жарылғыш заттарды анықтау сияқты міндеттерге арнайы дайындалатынын түсіндірді. Көрсетілім барысында төрт аяқты көмекшілердің психотроптық зат иісін дәл анықтау қабілеті көрсетілді.

"Динамо" стадионында жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкерлері оқушыларға аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау кезінде қолданылатын арнайы құрал-жабдықтарды таныстырып, көрме ұйымдастырды.

Алдағы уақытта осы оқушылардың арасынан полиция қызметін таңдаушылар шығуы әбден мүмкін. "Жас сақшы" сыныптарында жалпы білім беру бағдарламасымен қатар заңнама негіздері, өзін-өзі қорғау тәсілдері оқытылып, құқық қорғау саласының қыр-сыры жан-жақты түсіндіріледі.

Аталған сынып түлектері Қазақстан Республикасы ІІМ жоғары оқу орындарына түсу кезінде бірқатар артықшылықтарға ие болады. Жалпы "Жас сақшы" жобасы – мектеп қабырғасынан бастап кәсіби кадр даярлаумен қатар, қоғамда "Заң мен тәртіп" қағидатын нығайтуға бағытталған маңызды бастама.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру