Шымкентте өткен марафонда полицейлер белсенділік танытты
Шымкентте "Half Marathon – 2026" марафоны өткізілді. Ауқымды іс-шараға әуесқой және кәсіби спортшылармен қатар полиция қызметкерлері де қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы полиция департаментінің 120 қызметкері марафон аясында 10 шақырым қашықтықты сәтті еңсерді. Қызметкерлер жарыс барысында тәртіп пен қауіпсіздікті сақтай отырып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Іс-шара барысында "Арлан" арнайы спорт клубының туы көтерілді. Полиция қызметкерлері клубтың спорттық формасында жүгіріп, марафон барысында алдыңғы қатардан көрінді.
Аталған марафонға қатысу полиция қызметкерлері үшін жыл сайын жалғасып келе жатқан дәстүрге айналуда. Бұл бастама қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, дене дайындығын арттыруға және қызметтік бірлікті нығайтуға бағытталған.
Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қоғамдық тәртіп толық қамтамасыз етілді.
Шымкент қаласы полиция департаменті алдағы уақытта да спорттық бастамаларды қолдап, жеке құрамның белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
