Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қоғам тыныштығы жолында: тергеушінің бір күні

Абай облысы полиция департаменті Жарма аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Серікбол Қыстаубай Серікбол үшін әрбір жұмыс күні үлкен жауапкершілік пен жаңа міндеттерден басталады. Тергеуші қызметі – тек құжаттармен шектелмейтін, адам тағдырына тікелей ықпал ететін күрделі де маңызды үдеріс. Ол туралы толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Таңғы уақыт жедел ақпараттарды саралаудан бастау алады. Түнгі уақытта тіркелген қылмыстар, тұрғындардан түскен арыз-шағымдар, шақыртулар мен түрлі оқиғалар мұқият талданып, әрбір іс бойынша нақты іс-қимыл жоспары әзірленеді. Қажет болған жағдайда тергеуші оқиға орнына жедел шығып, уақытпен санаспай әрекет етеді. Бұл – мамандықтың басты талаптарының бірі.

Оқиға орны – ақиқатқа бастар алғашқы баспалдақ. Мұнда әрбір айғақ пен дерекке айрықша мән беріледі. Қылмыс орнын қарау барысында дәлелдемелер тіркеліп, куәлардан жауап алынады, бейнебақылау жазбалары зерделенеді. Кейде істің түйінін шешетін маңызды дерек күтпеген ұсақ бөлшектен табылуы мүмкін. Сондықтан бұл қызмет жоғары жауапкершілікті, ұқыптылық пен кәсіби шеберлікті талап етеді.

- Әрбір істің артында адам тағдыры тұрғанын әрдайым ескереміз. Біздің міндет – асығыстыққа жол бермей, барлық деректі мұқият тексеріп, ақиқатты анықтау, – дейді тергеуші  Серікбол Қыстаубай.

Күннің екінші жартысында тергеу әрекеттері жалғасады. Тергеуші күдіктілерден жауап алып, сараптамалар тағайындайды, процессуалдық құжаттарды рәсімдейді және жәбірленушілермен жұмыс жүргізеді. Әрбір әрекет заң талаптарына қатаң сәйкес жүзеге асырылады. Бұл – әділ әрі объективті шешім қабылдаудың негізгі кепілі.

- Тергеушінің жұмысы – тек қылмысты ашу емес. Бұл – азаматтардың құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамда әділдік қағидаттарын орнықтыру, – деп атап өтті ол.

Тергеу – үлкен жауапкершілік жүктейтін қызмет. Әрбір іс – жеке тағдыр, әр материал – өмірдің бір бөлшегі. Сондықтан тергеуші үшін басты қағида – заңдылықты сақтау, дәлелге сүйену және әділ шешім қабылдау.

Серікбол Қыстаубай секілді қызметкерлердің күнделікті еңбегі – қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Тергеушінің әр күні – әділдікке бастар табанды қадам, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы қажырлы еңбек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру