Атырауда қараусыз малды дрон арқылы бақылау күшейтілді
Атырауда қараусыз малды дрон арқылы бақылау күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заманауи технологиялар кеңінен қолданылуда. Соның бірі – дрон көмегімен тасжолдардағы қараусыз жүрген малды анықтау.
Атырау облысында республикалық маңызы бар автожолдарда жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған рейдтік іс-шаралар жалғасуда. Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері дрондарды пайдалана отырып, жол бойын әуеден бақылап, қараусыз жүрген төрт түлік малды дер кезінде анықтауда.
Бұл тәсіл жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қауіпті жағдайларды азайтуға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері көлік құралдарын тексеру кезінде мал тасымалдауға қатысты құжаттардың заңдылығына ерекше назар аударып отыр. Құжаттары жоқ немесе күмән тудырған деректер бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
Жыл басынан бері тасжолдарда төрт түлік малдың қатысуымен 15 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ал ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу бойынша 160-тан астам құқық бұзушылық анықталған.
Мәселен, Атырау–Доссор тасжолында қараусыз жүрген ірі қара мал анықталып, полицейлер мал иелерін жедел түрде анықтады. Оларға қатысты профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кету керек, малды қараусыз қалдыру немесе оны заңсыз тасымалдау тек жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіріп қана қоймай, ауыл тұрғындарының әл-ауқатына да кері әсер етеді.
Құқық қорғау органдары өңір тұрғындарын ортақ қауіпсіздікке бейжай қарамауға, малды бақылауда ұстауға және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
